Шымкентте танымал шенеунік Жұматаев қызметінен кетті

30 қыркүйек, 18:45

Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қуатжан Жұматаев қызметінен кетті. Қала әкімінің баспасөз хатшысы Еркеғали Балажан шенеунік жұмыстан кету туралы өтінішін өз еркімен жазғанын айтты. Ертеңнен бастап ол бұл басқармаға басшылық етпейді.

Еске салақ, Қуатжан Жұматаев шымкенттіктер үшін танымал шенеунік деуге болады. Ол үнемі проблемадан көз ашпай келе жатқан қоғамдық көлік саласына жауапты болды. 2017 жылы жиындардың бірінде сол кездегі қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов Жұматаев басшылық ететін салаға көңілі толмайтынын айтып, сынның астына алды. Тіпті өз сөзінде Әбдірахымов тұрғындардан келіп түскен шағымдарды тізбектеп, халық аспандағы айды сұрап отырмағанын сөз етті. Содан шымкенттіктер сағызша созылған проблемаға кімнің жауапты екенін біліп жүруі үшін шенеунік Қуатжан Жұматаевтың суреті қоғамдық автобустарға ілінетінін жеткізді. Көп ұзамай Жұматаев суреті қалада қатынайтын автобустарға ілініп, мемлекеттік қызметкер тұрғындар арасында танымал боп шыға келді.

Айта кетейік, 1978 жылы дүниеге келген Қуатжан Жұматаев бұл салаға 2013 жылдан бері басшылық еткен.

ФОТО: қалалық әкімдіктің ресми интернет ресурсы