11 мамыр күні кешкісін Тәуке хан даңғылындағы көпқабатты үйлердің бірінің подъезінде белгісіз біреу әйел адамды пышақтап кеткен. Көршілерінің айтуынша, қанды оқиға сағат 17.10-да орын алған. Қаскөй әйелдің 7 жерінен пышақтап тастаған. Бір жарақат тура жүрегіне сұғылған көрінеді. Жанталаса подъезде көршілерінің есігін қаққан әйелге көршісі дереу жедел жәрдем шақырған. Алайда ақ халаттылар 57 жастағы әйелдің өмірін сақтап қала алмаған. Марқұм ауруханада көз жұмды. Марқұм әйелдің жалғыз қыз перзенті болған. Қызы, күйеу баласы мен үш немересі күн сайын хабарласып, келіп жағдайын біліп тұратын дейді көршілері. "Кім және не үшін мұндай айуандыққа барғанын түсінбеймін. Үйге, яғни, подъезге кіргенде марқұм көршімнің қолында сөмкесі болған. Кейін сөмкесі жоқ. Ақша үшін сөмкесін тартып алып пышақтады ма деп те ойлаймын. Не десе де ақылға сыймайтын жауыздық. Күдіктіні бейнебақылау камераларынан тек арқа тұсын ғана көрдік. Полицейлер құрықтап, жазасын алады деп үміттенемін "-дейді көршісі.