Шымкентте қызмет көрсету орталығынан тал түсте ноутбук ұрлап кеткен адам ұсталды

01 ақпан, 12:26

Шымкент қалалық құқықтық қызмет көрсету орталығынан тапа тал түсте ноутбук ұрлап кеткен күдікті ұсталды. 18 қаңтар күні Абай аудандық полиция басқармасына Бейбітшілік көшесінде орналасқан ҚҚКО-нан адвокаттың ноутбугының қолды болғандығы туралы шағым келіп түскен болатын. Тіпті танымал адвокат бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасына жазған да еді. Мемлекеттік мекемеден емін-еркін бөтеннің затын жымқырған күдікті бейнекамера таспасына түсіп те қалған.

Шымкент полициясының жедел іздестіру шарасының нәтижесінде 31 қаңтар күні аталған қылмысқа күдікті ретінде Түркістан облысының тұрғыны құрықталды. Оның үстінен ҚР ҚК-нің 188-бабы, 2-бөлігі, 3-тармағына сәйкес ұрлық бойынша қылмыстық іс қозғалды.
"Қазіргі таңда құрықталған күдіктінің басқа да құқық бұзушылыққа қатысы бар-жоғы анықталуда. Сараптамалар тағайындалған" деп хабарлады Шымкент қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі.