​Шымкентте жастар премиясының жеңімпаздары сыйлықсыз қайтты

29 желтоқсан, 21:40

Үшінші мегаполистегі үздік жастардың есімі белгілі болды. "Үздік жастар премиясы-2018" байқауында бір емес, 27 саланың көшбасшылары анықталды. Бірақ жүзден жүйрік шауып, топ жарған жас толқынға уәде етілген қаржылай сыйлық тапсырылған жоқ, деп хабарлайды Elitar.kz тілшісі.

Байқау шарты желтоқсанның 14-інде жарияланғаны есімізде. Ережеде әрбір үміткер жеке тұлға ретінде өзін ұсына алады немесе өзі жұмыс жасайтын мекеме басшылығы арнайы мінездеме жолдауын рәсімдеп жіберетіні көрсетілген. Сондай-ақ, қатысушының тиісті құжаттарымен қатар, жыл бойы атқарған жемісті жұмыстары, жеткен жетістіктері толық қамтылуы міндеттелген. Ал сарапшылар қатарынан әр саланың хас мамандары табылып, марапаттау рәсімі 26-желтоқсан күні өтетіні әлеуметтік желілер мен БАҚ беттерінде басылды. Және жүлде қоры да тайға таңба басқандай әрбір жеңімпаз жасқа 100 000 (жүз мың ) теңгеден үлестірілетіні жарияланған болатын. Ал бүгінгі орын алған олқылықты Шымкент қалалық отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы Жандос Қалтаев былай түсіндірді.

"Бұл жоба әу баста 4 миллион 400 мың теңге деп бекітілген еді. Кейін мемлекеттік сатып алу кезінде 1 миллион 800 мың теңге ұсыныммен, Алматы облысы, Талғар ауданынан, қателеспесем "Көлік жөндеуші" атты жеке кәсіпкер ұтып алған. Соңынан жобаны орындай алмайтыны белгілі болды. Қазір бұл іс сот қарауында жатыр. Алдағы уақытта шешімін табады деген сенімдеміз. Біз мерекелік көңіл күйімізді түсіргіміз келмейді. Және мегаполис болып танылған жылы үздіктерді марапаттан шет қалдыруға қақымыз да жоқ. Ешбір қиындыққа қарамай, ешбір қаржылық қолдаусыз-ақ жұмыла жиналып, жылдың үздіктерін құрметтеп жатырмыз. Кітаптар сыйладық. Қазылар алқасының құрамы яғни арнайы құрылған комиссиядан ҚР Журналистер Одағының Шымкент қалалық филиал төрайымы Айгүл Қапбарова, күні кеше ғана Елбасының қолынан "Қазақстанның Еңбек Ері" медалін алған Алина Робертовна және айтыскер ақын Біржан Байтуов пен спорт басқармасының басшысы Әлібек Нұртай мырза бастаған өз саласының хас мамандары табылды. Барлығы 15 адам болды. Сондықтан шешімнің әділ болғаны анық", - деді Жандос Қалтаев.

Айта өтейік, Шымкентте "Үздік жастар премиясы" байқауы биыл сегізінші рет ұйымдастырлып отыр. Бұл жолы дәстүрлі жобаға қатысу үшін 170 жас өтінім білдірген. Оның 35-і жеңіс төрінен көрінді.