Шымкенттегі снаряд жарылысынан зардап шеккен екінші азаматтың аяғына ампутация жасалынды

18 ақпан, 15:30

Шымкентте дәрігерлер​ снаряд жарылысынан зардап шеккен тағы бір азаматтың аяғын кесіп тастады. Пышаққа түскен жас жігіттің ота кезінде денесінен снарядттың бөлшектері табылған, деп хабарлайды Elitar.kz тілшісі.

Жарылыс салдарынан ауыр халде ауруханаға жеткізілген 1998 жылғы жігіттің сол аяғы зақымданып, қан тамырлары жарылып кеткен. Дәрігерлер оның өмірін аман алып қалу үшін қан тамырлары жарылған сол аяғының орта бөлігінен кесіп тастауға мәжбүр болған. Қазір жас жігіттің жағдайы орташа ауыр. Жансақтау бөлімінде ем қабылдап жатыр.

"1998 жылғы жігіттің жағдайын екі-үш күн бақылап көрдік. Жағдайы күрт нашарлап кеткен соң амал жоқ өмірін аман алып қалу үшін сол аяғына ота жасап, жартысын алып тасатадық. Ота кезінде оның аяғынан снарядттың өте майда бөлшектері шықты. Операциядан кейін пациентті жансақтау бөліміне жатқыздық. Денсаулығына байланысты пациент әлі бір айға жуық ауруханада ем қабылдауы мүмкін",-дейді жарақат бөлімінің меңгерушісі Марат Балтөреұлы.
Еске салайық, 11 ақпан күні Шымкентте жер үйлердің бірінде жарылыс болды. Қаланың шетіндегі Забадам ықшамауданында болған жарылыс салдарынан екі адам ауыр халде ауруханаға түскен. Сол күні зардап шеккен 1984 жылы туған азаматтың сол аяғы мен сол қолының орта бөлігіне ампутация жасалынды.
Оқиға болған күні жеке тұрғын үйдің маңы қоршауға алынып, полиция, төтенше жағдайлар мамандары мен тіпті арнайы қызмет өкілдері жұмыс істеді. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, жарылыс болған үйде үш балалы жас отбасы тұрған. Жарылыс балалар мектеп пен балабақшаға, әйелі жұмысқа кеткен кезде орын алған.