Әйгерім Тәңірбергенова ДЦП дертіне шалдыққан ұлы үшін барын салып келеді. Жас ана баласын меңдеген ауыр сырқатпен күресіп, тынымсыз ізденісі мен үзілмеген үміті арқасында перзентін аяққа тұрғызды, деп хабарлайды Elitar.kz тілшісі.
Әйгерім - Жетісай қаласының тұрғыны. Ол өзінің екінші сәбиі Дидарды дүниеге 2016 жылы алып келді. Жеті айлық болып туылған балаға екі айдан соң, дәрігерлер "Левосторонний гемипарез" деген диагноз қояды.
Бауыр еті баласы үшін ана байқұс нені бастан өткермеді. Азапты күндер, ұйқысыз түндер мен сырқаты жанына батып шырылдаған сәби. "Шүкір, оның барлығы артта қалды" дейді жас ана. Аяқ-қолдары мүлдем қимылдамайтын, жанары әлсіз көретін Дидардың денсаулығында қазір ілгерілеушілік бар. Былтыр ғана Ресейде жасатып келген ота мен Шымкенттегі оңалту орталығының бұған көмегі орасан болып отыр. Аталмыш орталықта Дидар әр үш ай сайын 21 күннен ем алады. Арнайы механотерапия, эрготерапия кабинеттерінде ине салып, Дидар секілді ерекше балалармен дефектолог, логопед мамандары жұмыс жасайды.
Әйгерімнің айтуынша, Дидардың әкесі оған үлкен рухани қолдау көрсетеді. "Талай салым суға кетіп, еңсем езілгенде жұбайым " Мұның не? Сен бұлай үмітті үзсең, Дидардың мүлдем өмір сүргісі келмей қалады" деп жігерлендіреді. "Ал ең қиыны, қоғамның өзгеше жаралған сәбилерге үрке қарауы"- дейді Әйгерім
"Талай жыладық...Қайтсем де баламды аяққа тұрғызамын деп бел будым. Ең бірінші, күйеуім күш берді. «Ешқандай мойыма, өзіңді ұста» деді. Ал кейін баламның нәтижесін көріп, әрі қарай күш жинадым. Менің балам ауру, жұғатындай болып қарайтын айнала. Мен адамдарға ұрысатынмын. Өзім ешкімге қарамай бұл менің балам! Қандай болса да, деп алып жүремін деп шештім. Ұялмаймын!",-деді Әйгерім Тәңірбергенова.
Жас ананың бар тілейтіні: баласының құлан-таза айығып кетуі! Ол осы үмітпен, арманмен өмір сүреді, алдағы жарқын күндерге сенеді.
Бүгінде мұндай дертке шалдыққан бүлдіршіндердің саны өкінішке орай, жылдан-жылға артып келеді. Ал ол балғындарды қоғам сыртқа тебеді. Не үшін?.. Қоғам, түсініңіз! Ол балалар сізден ештеңе сұрамайды, жақындаса дертін жұқтырмайды. Оларға бар қажеті - өздеріне адам ретіндегі қарым-қатынас қана. Ендеше, онсыз да тағдыры қатал сынақпен сынаған жандардың жүрегін жаралама... Материалдық көмек бере алмасаң да, рухани көмегіңді аяма.. Олар қоғамда бар, болады да!