07 ақпан, 17:23
Шымкент қалалық мәслихатының депутаты Нұрғазы Бұхарбай сайлаушыларына өткен жылы атқарған жұмыстары туралы есеп беріп, көпбалалы аналармен кездесті. Алтын құрсақты аналардың мұң-мұқтажын тыңдаған халық қалаулысы қойылған сұрақтарға жауап берді.

№29 мектепте өткен кездесуге 90-ға жуық ана келді. Кездесу барысында Елбасының «Nur Otan» партиясының жаңа әлеуметтік бастамаларын жүзеге асыру, табысты көтеру және аз қамтылған азаматтарды қолдау, білім беру жөнінде ашық әңгіме болды. Нұрғазы Бұхарбай Президент тапсырмаларына байланысты енгізіліп жатқан жаңалықтарды жете түсіндірді.
«Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та «Халықпен ашық диалогты жалғастыру керек» деді. Мен жеке қабылдауыма келген азаматтарды қабылдап, мәселелерін тыңдап, оны шешуге көмектесемін. Өткен жылы жалпы саны 44 рет қоғамдық қабылдау өткізіп, 100-ге жуық азаматтың жеке мәселесін тыңдап, олардың шешілуіне ықпал жасадым. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы халықтың табысын арттыру бойынша тұрақты тапсырма беріп отыр. «Nur Otan» партиясының алдында тұрған міндеттерді сайлаушылардың ұсыныс-тілектерін жүзеге асыруда ауқымды жұмыстар атқару үшін жұмыс істеп, алдағы уақытта қала халқының әл-ауқатының, тұрмыс-тіршілігінің жақсаруына ықпал жасайтын боламын. Депутаттар халықпен тығыз байланыста болуы тиіс», - деді депутат.

Кездесуде оқулық жетіспеушілігі, оқушылардың қауіпсіздігі үшін мектеп айналасына бейнекамераны көбейту керектігі, жол сапасының төмен екені туралы мәселелер көтерілді. Сонымен қатар тұрғындар қала көшелерінде маскүнемдер көбейіп кеткенін айтып, учаскелік полицейлердің жұмысын сынады. Басты мәселе мектеп жанынан қосымша 300 орындық ғимарат салу керектігі болды. Себебі оқушылар мектепке сыймай жатыр. Барлығын тыңдаған Нұрғазы Бұхарбай айтылған мәселелер бойынша жауапты мекемелерге депутаттық сауал жолданып, алдағы уақытта өз шешімін табатынын жеткізді.