Шымкенттік полицейді жеті жерінен пышақтап кеткендердің ісі сотқа өтті

30 қаңтар, 16:45

Шымкентте полицейге суық қару сұғып алғандардың ісі сотқа өтті. Тапа тал түсте сауда орталығының автотұрағында учаскелік полицей, сержант Нұржан Омаровтың кеуде тұсына күдіктілер жеті пышақ жарақатын салған болатын. Оған қарамастан тәртіп сақшысы қылмыскерді құрықтаған. Нақтырақ айтқанда, өткен жылдың қазан айында полиция сержанты Нұржан Омаров өзінің әріптесімен бірге сезікті екеуден құжаттарын көрсетуді талап етеді. Көлік тонамақ болып күмән тудырғандар бірден қаша жөнелген. Соңдарына түскен тәртіп сақшыларынан құтылу үшін полицейдің бірін пышақтаған. Күдіктілердің екеуі де Кентау қаласының 20 жастағы тұрғындары болып шықты. Біреуі бұған дейін де бұзақылық үшін сотты болған. Енді екеуі де ҚР ҚК-нің бірнеше баптарымен сот алдында жауапқа тартылады.

Әсел Сәденова, Шымкент қаласы ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі: "Тергеу жұмыстары аяқталды. ҚР ҚК-нің 380-бабы, 2-бөлігімен (билік өкілінің өміріне қауіп төндіріп күш көрсету), 378-баптың 1-бөлігімен (билік өкілін балағаттау бойынша), сондай-ақ, алдын ала сөз байласып, қару пайдаланып қарақшылық жасау бойынша айып тағылды. Іс материалдары сотқа өткізілді",-деді Шымкент қалалық полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Әсел Сәденова.

Құрықталғандар 12 ақпан күні сот алдында жауапкершілікке тартылады. Алған дене жарақаттарына қарамастан қайсарлық танытып қылмыскерлерді құрықтаған полиция қызметкері Нұржан Омаровты марапатқа ұсынылды. Сондай-ақ оның қызметі жоғарылаған.