Шымкенттік полицейлер адам өлімімен аяқталған кафедегі атысқа қатысты пікір білдірді

30 қазан, 12:54

Оқиға кеше, 29 қазан күні Шымкент қаласы Арғынбеков көшесі бойындағы кафелердің бірінде орын алған.

Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, кафеде белгісіз тұлғалар оқ атқан. Салдарынан оқиға орнында бір адам көз жұмған және әртүрлі дәрежедегі жарақат алған 5 адам медициналық мекемелерге жеткізілген.

"Оқиға болған жерді тексеру барысында қылмыс құралдары табылып, тәркіленді. Барлық қажетті сараптамалар тағайындалып, ҚР ҚК-нің 99-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы және 287-бабының 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.
Күдіктілердің жеке басы анықталып, оларды ұстау шаралары жүргізілуде.
Істі тергеу барысы прокуратура мен полиция департаменті басшылығының бақылауында.
Өзге ақпарат тергеу мүддесінде жария етуге жатпайды" делінген ведомство мәліметінде.