Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың мәліметінше, Түркістан облысы, Ордабасы ауданындағы әуе қорғаныстары әскери бөлімшесінде ұрланған қару-жараққа қатысты тағы бір қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы министр Үкімет отырысынан кейін тілшілер сауалына жауап беру кезінде айтты.
"Бүгінгі таңда 29 автомат, 24 тапанша мен оқ-дәрі тәркіленді. Қару-жарақты жымқыру фактісі бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар сол күні кезекшілікте болған әскери жасақтың немқұрайлылығы бойынша екінші қылмыстық іс қозғалды. Өйткені мұнша қаруды қалай алып кеткенін анықтау керек. Әскери бөлімнің басшылығы мен әскери жасақтың әрекетіне жеке құқықтық баға беріледі», - деді Ерлан Тұрғымбаев.
Естеріңізге сала кетсек, 20 ақпанға қараған түні Ордабасы ауданындағы әуеге қарсы қорғаныс әскери бөлімде келісімшарт негізінде қызмет етіп жүрген кіші сержант, 1995 жылы дүниеге келген Абылай Балғынбайдың кезекшілік кезінде қызмет орнын тастап кеткен. Белгілі болғаны, әскери қызметші бөлімдегі қоймадан бірнеше қару-жарақ пен оқ-дәріні алып, бой тасалаған деген күдікке ілінді. Әскери бөлімдегілер қару-жарақтың қолды болғанын тек таңғы сағат 7-де білген. Сол күні кешкі уақытта әскери қызметшіні ҰҚК мен ІІМ арнайы жасағы Алматы қаласынан ұстады.