Алматыда қандала дәрісінен уланған зейнеткер ауруханада көз жұмды

19 желтоқсан, 15:21

Алматы қаласының 67 жастағы тұрғыны ұлымен бірге пәтеріне қандаланың көзін жоятын дәрі сеуіп, артынша дәріге уланған.

Алматы қалалық қоғамдық денсаулық басқармасының баспасөз қызметі хабарлағандай, зейнет жасындағы тұрғын ес жимастан көз жұмды.

"Уланған әйел азаматы 1952 жылы дүниеге келген. Ол 18 желтоқсанда есіне келместен қайтыс болды. Оның жағдайы өте ауыр күйде еді. Науқасты біз өкпені жасанды желдету аппаратына қостық, комада болды",- деп хабарлады басқармадағылар.
Зейнеткердің өліміне жүрек тоқтауы себеп болған. Дәрігерлер барлық реанимациялық шараларды өткізді, алайда оны аман алып қалу мүмкін болмады.