Түркістандық полицейлер Мақтаралда жоғалған сиырды тапты

25 қыркүйек, 17:00

Мақтарал АПБ-іне жергілікті тұрғын үйінің ауласына түнгі уақытта белгісіз тұлға заңсыз кіріп, 1 бас сиырын жасырын ұрлап кеткені туралы арызбен келген. Жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі 200 000-нан астам теңгені құрады. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 188-бабы бойынша тіркелді.

"Орын алған мал ұрлығының ізін суытпай ашу мақсатында арнайы топ құрылды. Полицейлер куәгерлерден сұрастырып, нақты ақпарат көздері арқылы, жедел-профилактикалық іс-шара нәтижесінде күдіктіні Жетісай қаласының көшелерінің бірінен қолға түсірді. Белгілі болғандай, ұсталған азамат бұрын сотты болған, жергілікті тұрғын болып шықты. Күдіктіге тиесілі автокөлікті тексеру барысында, полицейлердің қылмыскердің ізін суытпай ұстау әдісі іске асып, артқы орындығынан ұрланған мал табылды. Айғақты зат ретінде алынған сиыр заңды иесіне қайтарылды. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Күдікті қамауда",-деді ТО ПД баспасөз қызметіндегілер.