Бұл туралы «Nur Otan» партиясының қабылдауына келген Қазақстанның Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді тілшілерге айтып берді.
«Президент Қытайға барғанда істі барынша әділ қарау туралы өтініш білдірді. Дегенмен, өздеріңіз білесіздер, сот процесі әлі жүріп жатыр. Сондықтан күтеміз. Сот процесінен кейін бәлкім, оны экстрадациялау кезеңіне өтетін шығармыз», - деді министр.
Ақжарқын Тұрлыбай 2014 жылдың наурыз айында Қытайдың Малайзиямен шекарасында есірткімен ұсталған еді. Оның жүк сөмкесінен 4,5 келі есірткі табылды, алайда Ақжарқын ол туралы білмейтінін мәлімдеген. Осы іс бойынша Қытайдың Гуанчжоу соты Ақжарқын Тұрлыбайды есірткі контрабандасымен айыптап, өмір бойына бас бостандығынан айырды. 2016 жылы 7 сәуірде апелляциялық сатыдағы сот Ақжарқын Тұрлыбайды өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын өзгерту және істі бірінші сатыдағы соттың қарауына жіберу туралы қаулы еткен еді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай еліне жасаған сапары кезінде қытай тарапына Ақжарқын Тұрлыбайға қатысты жеке өзінің өтінішін жеткізіп, қазақ қызына араша түскен болатын.