ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Қазақстанның Египеттегі Елшілігінің қызметкері Еламан Жолдасовтың қазасына қатысты түсінік берді. Бұл туралы ол арнайы өткізілген брифингте мәлімдеді.
«Ол табылған кезде мойны баспалдақтың үстіне асылған жіпке оралып тұрды. Алғашқы тексеріс кезінде денесінде ешқандай дақ, көгеру, қандай да бір жарақат болған жоқ. Аяқ-қолы байланбаған еді. Оқиға орнынан алынған фото және бейнематериалдар бұл ақпаратты растайды», - деді Айбек Смадияров.
Еске салсақ, 13 желтоқсан күні Қазақстанның Египеттегі Елшілігінің қызметкері өзі тұратын үйдің подъезінде өлі күйінде табылды. Отандық кейбір БАҚ дипломаттың жұмбақ күйде қайтыс болғаны туралы ақпарат таратты. Марқұмның туыстарының сөзінше, қазақстандықтың қолдары артқа қайырылып байланып, мойнында жіп болған. Елшілік қызметкерінің туыстары дипломаттың өз-өзіне қол салуы мүмкін емес екенін алға тартып отыр.