СҚО-да 11 бала жанып жатқан микроавтобустан құтқарылды

15 мамыр, 10:00

14 мамыр күні сағат 17:10-да Солтүстік Қазақстан облысы Тайынша ауданында Рощинск ауылының маңында "Газель" маркалы жолаушылар автобусы өртенді. Газельде мектеп оқушылары болған, деп хабарлайды облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып Elitar.kz.

Көлік моторынан шығып жатқан түтінді көрген жүргізуші газельді тоқтатқан.

"Лада Веста" қызметтік машинасымен бірге жүрген полиция қызметкерлері - полицияның аға лейтенанты Жігер Балтабай мен полицияның аға сержанты Батырхан Молдажанов микроавтобустың мәжбүрлі түрде аялдағанын байқап, дереу әрекетке көшкен.

11 баланы шағын автобустан эвакуациялаған полицейлер өрт сөндірушілерді шақырып, жанып жатқан "Газельді" сөндіре бастады.
Алайда желдің салдарынан өрт күшейіп, полицейлер жүргізушімен бірге жанып жатқан микроавтобусты жол шетіне итеріп шығарды.

Балаларды полиция қызметкерлері басқа көліктермен үйлеріне дейін аман-есен жеткізді.