Кентауда жүргізуші куәлігінен айырылған жігіт есірткі шегіп алып көлік айдаған

16 қаңтар, 16:29

Кентау қаласының тәртіп сақшылары қызмет атқару кезінде ереже бұзған "Опель Вектра" маркалы автокөлігін тоқтатқан. Құжаттарды тексеру кезінде полиция қызметкерлері автокөлік салонында марихуанаға ұқсас есірткі заты бар полиэтилен пакеттерін тапқан. Медициналық куәландыруға сәйкес жүргізуші есірткіге масайғаны анықталды.

"Аталған жайт СДТБТ-ға ҚР ҚК-нің екі бабы бойынша тіркелді: 296-бабы (Өткізу мақсатынсыз есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен, прекурсорлармен заңсыз айналысу) және 346-бабының 1-бөлігі (Көлік құралдарын жүргізу құқығынан айырылған, алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын басқаруды осындай адамға беру немесе осындай адамды көлік құралын жүргізуге жіберу)" делінген Түркістан облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Ерекше атап өтерлігі, жүргізушінің 2019 жылдың қыркүйек айында Атырау облыстық сотының шешімімен мас күйінде автокөлік басқарғаны үшін үш жылға жүргізуші құқығынан айырылған болып шықты. Ал екі ай өткен соң Кентау қалалық соты есірткі қолданып, мас күйінде автокөлік жүргізгені үшін құқық бұзушыға 60 мың теңгеден астам айыппұл салды.
Қазіргі уақытта күдікті қамауға алынды. Осы деректер бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.