06 ақпан, 12:09
Дәрігерлер оның өмірін сақтап қалу үшін тәулік бойы күрескенімен, бүгін қария кісі алған жарақаттарынан жансақтау бөлімінде көз жұмды, деп жазады Elitar.kz тілшісі.
Сұмдық жол апаты кешкі уақытта Тәуелсіздік даңғылы мен Стаханов көшесінің қиылысында болған. Әлеуметтік желілерде көшедегі бейне-бақылау камераларының кадрлары пайда болды, онда зейнеткер әйелдің жолдан жаяу жүргіншілерге арналған бөлікпен өтіп бара жатқанын көруге болады.
– Зейнеткер көшеден өтіп бола бергенде оны полицейлердің «бобик» көлігі қағып кетті, - дейді куәгерлер. – Көлік жоғары жылдамдықпен келе жатқан, сондықтан бірден тоқтай алмай, әжейді «сүйреп» кетті.
Қария тез арада ауруханаға жеткізілгенімен, өмірін сақтап қалу мүмкін болмады.
– Жаяу жүргіншіні Глубоков аудандық полиция бөліміне қарасты қызметтік көлік қағып кетті, - деп мәлімдеді ШҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі. – Жол-көлік оқиғасына қатысты қылмыстық іс жәбірленушінің медициналық мекемеде көз жұмғанына байланысты ҚР ҚК 345-бабының 3-тармағына сәйкестендірілді.
Ведомстваның баспасөз қызметі осы іс бойынша барлық тексеру іс-шаралары қолға алынып, бірқатар сараптамалар, оның ішінде сот-автотехникалық сараптама да тағайындалғанын жеткізді. Тергеу барысында жол апатына қатысты материалдың барлығы анықталып, жиналған материалдар негізінде заңды процессуалды шешім қабылданады.
Автор:
Марьяна Абдельдинова, ШҚО