​Нұр-Сұлтанда жан түршігерлік жол апаты болды

26 наурыз, 11:30

Нұр-Сұлтан қаласында үш автобус пен бірнеше жеңіл автокөлік соғысты. Ұлы Дала көшесі және Қабанбай батыр даңғылында болған жол-көлік оқиғасының салдарынан 2 адам мерт болып, 20-дан астамы жарақаттанды.


«Қазір оқиға орнында біздің қызметкерлер жұмыс істеп, қалай болғанын анықтауда. Әзірге анық айтарымыз – жол апатының салдарынан екі адам (автобус жүргізушілерінің бірі мен жолаушы әйел) қаза тапты», - деп мәлімдеді ведомствоның баспасөз хатшысы Софья Қылышбекова. Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі баспасөз қызметінің жетекшісі Эльвира Жүргенбаева жол апатына қатысты өзінің Facebook парақшасында мәлімет берді.
«Бүгін, 26 наурыз күні Ұлы Дала көшесі мен Қабанбай батыр даңғылының қиылысында үш автобус пен жеңіл көліктердің қатысуымен жол-көлік оқиғасы болды. Қала сыртына қатынайтын №303 бағыттағы автобус №12 бағыттағы автобуспен соғысқан. Ары қарай №53 автобус пен жедел жәрдем көлігін соғады. Алдын ала мәлімет бойынша, жарақат алғандар бар. Оқиға анықталуда», деп жазды ол.
Ірі жол апаты болған жерге Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов келді.
Жүргенбаева бұған қоса жағдай қала басшыларының бақылауында екенін және толығырақ ақпарат кейінірек берілетінін мәлімдеді.