Танысын өлтіріп қоя жаздаған оралдық полицей жұмыстан кетті

03 қазан, 20:08

Оралдық полицей жұмыстан тыс уақытта түнгі клубта болып, танысына пышақ жарақатын салған.

Бұл оқиға ағымдағы жылдың 23 қыркүйек күні түнгі сағат 03.00 шамасында болған.

Батыс Қазақстан облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, орын алған жайтқа қатысты қызметтік тексеру жүргізілген. Анықталғаны, департамент жанындағы айдауыл қызметінің қызметкері, полиция сержанты түнгі клубта жұмыстан тыс уақытта болған. Спирттік ішімдік ішкен ол мас күйінде танысына пышақпен ауыр дене жарақатын салған. Тәртіп сақшысы атағына кір келтіргені үшін аталған қызметкер құқық қорғау органынан босатылды. Оған қоса бөлімше және взвод командирлері де қызметтерінен кетіп, тағы бірнеше басшы қызметкерге қатаң тәртіптік шара қолданылды.

"Қазіргі кезде тергеу изоляторында отырған бұрынғы полиция қызметкеріне қатысты ҚР ҚК 24-бабы 3-бөлігі – 99-бабы 1-бөлігіне сәйкес тергеу амалдары жалғасуда" делінген ведомство мәліметінде.