Тапсырыспен өлтірілмек болған әкім орынбасарының ұлы атышулы іске қатысты пікір білдірді

23 қаңтар, 14:40

Түркістан облысы, Төлеби ауданы әкімінің орынбасары Рабиға Бейсебаеваның ұлы Болат Жаппаров анасын өлтіру үшін тапсырыс берді деп күдікке ілінген азаматтың адвокатының сот отырысында айтқан сөзімен келіспейді. Яғни, анасы күдікті тарапқа ешқандай да қомақты қаржы қарыз емес. Бұл туралы ол Elitar.kz тілшісіне айтып берді.

«Қарыз алған болса, оны растайтын құжаттары, анамның қолымен жазылған қолхат болуы керек еді. Күдікті тараптың ондай дәлелі болмады. «Анам әлдекімнен қомақты қарыз алған» деген ақпаратпен келіспеймін. Бұл істе күдікті болып отырғандар туралы басқа ақпарат айта алмаймын. Анамның жағдайы жақсы, жұмысына қайта кірісті»,-деді шенеуніктің ұлы.

Еске сала кетсек, 2018 жылдың қазанында түскі үзілісте қызметтік көлігімен үйіне түстенуге барған Төлеби ауданы әкімінің орынбасарына үйінің алдында шабуыл жасалды. Жеңіл көлік мінген белгісіз азаматтар шенеунікке тапаншамен бірнеше рет оқ атып, оқиға орнынан тайып тұрған. Ал Рабиға Бейсебава Ленгір қалалық ауруханасына жеткізіліп, дәрігерлер бақылауына алынды. Көп ұзамай күдіктілер ұсталды. Кеше бұл атышулы іске қатысты алғашқы сот отырысы өтті. Белгілі болғаны бұл шабуыл алдын ала ұйымдастырылған. Тіпті тапсырыс беруші аудан әкімі орынбасарының өмірін 1 млн 300 мың теңгеге бағалап, оны орындаушыларға соманы түгелімен берген де көрінеді. Бұл іс бойынша төрт азамат күдікке ілініп отыр.