Тарақанның уын жеп қойған 1,5 жасар бүлдіршін аман қалды

16 сәуір, 11:54

Қайғылы оқиға Ленгер қаласында орын алған. Ата - анасы үйлеріне келген мейманмен жүріп, қараусыз қалған қыздары еденнен тауып алған уды жеп қойған. Анасы дер кезінде байқап қалып, жедел жәрдем шақырғанымен сәби улы заттан зардап шеккен.

Түркістан облысы Ленгір қаласының орталық ауруханасына түскен кішкентай науқасқа дер кезінде шұғыл көмек көрсеткен дәрігерлердің арқасында қазір оның өміріне қауіп жоқ. Сәбиге "жіті улану" диагнозы қойылған. Ата-анасының дәрігерлерге деген алғысы шексіз.

Бұл тұрмыс жағдайында балалардың зардап шегіп жатқан алғашқы жағдайы емес. Медицина қызметкерлері өңір тұрғындарына қырағы болуға, тұрмыстық құралдарды, шығу тегі белгісіз химиялық заттарды пайдаланбауға, сертификатталмаған өнімдерді сатып алмауға шақыруда.

Дәл осы ауруханада дәрігерлер 60 жастағы ер адамның өмірі үшін бірнеше күн бойы күрескен. Бүгін ол реанимациядан қарқынды терапия палатасына ауыстырылды. Науқастың айтуынша, ол қазан тазалайтын тұрмыстық химияны сусынмен шатастырып ішіп қойған.