Сарығаш АПБ-не жергілікті тұрғын арызданып, ішінде 1 миллион 200 мың теңгенің алтын бұйымдары мен 150 000 теңгеге жуық ақшасы, құжаттары мен косметикалары бар сөмкесін ұрлатып алғанын айтып шағымданады. Бұл оқиға 7 қазан күні түскі уақытта базарда орын алған. Белгілі болғандай жәбірленуші орталық базарлардың бірінде кеңсе тауарларын сатумен айналысады.
Аталған жайт сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізіліп, ҚР ҚК-нің 188-бабы бойынша тіркелді.
"Ұрлық жасаушыларды ұстау мақсатында полицейлер шұғыл әрекетке кірісіп, базар ішінде орналасқан бейнебақылау камералары арқылы ұрлықты 4 ер азамат жасағанын анықтады. Олардың біреуі – Шымкент, қалғандары – Тараз қаласының тұрғыны болып шықты. Күдіктілердің жеке-бастары анықталып, бір күдікті Шымкент қаласындағы өз үйінен, дәл сол күні ұсталды. Екінші күдікті Тараз қаласынан ұсталды. Бүгінгі таңда күдіктілердің екеуі қамауда. Қазіргі таңда таңда тергеу амалдары жүргізілуде. Қалған күдіктілерге іздеу жарияланды" делінген Түркістан облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі берген хабарламада.
Полицейлердің анықтауынша күдіктілер жәбірленушінің сөмкесін бақылап отырып, иесі және бөгде адамдар қарамай тұрған сәтте жасырын ұрлаған. Алтын бұйымдарды қолма-қол ақшаға сатып үлгерген. Одан түскен пайданы өзара бөліскен.