Таразға жаңа әкім тағайындалды

03 желтоқсан, 14:00

Бұған дейін қаланы басқарған Қайрат Досаев Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Тараздағы мектеп әжетханасында оқушы қыздың зорлану оқиғасынан соң өзіне жүктелген міндеттерді тиісінше орындамағаны үшін 21 қарашада лауазымынан босатылған болатын.

ҚР Президенті Әкімшілігі мен Тараз қалалық мәслихатының келісімімен және Жамбыл облысы әкімінің өкімімен Қарабалаев Айтқазы Дәулетқұлұлы Тараз қаласының әкімі болып тағайындалды. Жаңа басшыны қала активіне облыс әкімі Асқар Мырзахметов таныстырды.

Айтқазы Қарабалаев 1966 жылы дүниеге келген. Білімі жоғары. Еңбек жолын 1989 жылы Алматы қаласындағы №54 Тұрғын үй пайдалану басқармасының инженер-технигі болып бастаған. Әр жылдары Тараз қалалық сауда, шағын және орта бизнес басқармасының басшысы, қала әкімінің орынбасары, Жамбыл облыстық жергілікті бюджеттерге алымдар және жекелеген салық төлемдерін жинау агенттігінің директоры, облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар департаментінің директоры, Жамбыл облысы әкімі аппараты жетекшісінің орынбасары, Жуалы ауданының әкімі, «Оңтүстік» ӘКК» АҚ ҰК» өкілдігінің Жамбыл облысындағы директоры, Талас ауданының әкімі, «ҚазТрансГаз Аймақ» Жамбыл облыстық өндірістік филиалы директорының кеңесшісі қызметтерін атқарған.

2019 жылдың сәуірінен бастап «ҚазТрансГаз Аймақ» Түркістан облыстық өндірістік филиалының директоры қызметін атқарып келді.