Таразда оқушы қыздың зорлануы: Оқиға қалай болды?

19 қараша, 11:10

Сабақ үстінде әжетханаға сұранған оқушы қызды сол жерде зорлап кеткен. Жарты сағаттай қорлық көрген қыз болған жағдайды мұғаліміне айтып берген соң дабыл қағылып, күдікті көп ұзамай ұсталған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Тараздағы кәмелетке толмаған қыз балаға азғындық әрекет жасаған 38 жастағы күдікті қолға түсіп, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталған болатын. Орын алған факті туралы Жамбыл облыстық полиция департаментінің басшысы Арман Оразалиев өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

Кейіннен анықталғандай кәмелетке толмаған қыз облыс орталығындағы №6 мектептің оқушысы болып шықты. Күдікті азғындық әрекетін мектептің даладағы әжетханасында жасаған. Қыз бала география сабағы кезінде сұранып шыққан. Алайда мұғалім оның кеткеніне жарты сағатқа жуық уақыт өтсе де, іздемеген. 38 жастағы күдікті оқушы қызды әжетханадан шыққанда тап беріп, жәбір көрсетіпті. Ал әбден азапталған оқушы өзі келіп, жағдайды сынып жетекшісіне айтып берген. Содан кейін дабыл қағылып, күдікті 2-3 сағатта қолға түскен. Ата-аналар бұл жағдайға тиісті бақылау жасамаған білім мекемесінің басшысын кінәлап отыр.

«Мектеп ауласына кім көрінген келіп-кетеді. Себебі мектептің сол қапталында ішке енетін есік бар. Күдікті де сол жолмен келіп, жеткіншекке жәбір көрсеткен. Азғындық жасады деп айыпталған азамат мектептің айналасында емін-еркін жүрген. Жұрттың сөзінше, ғимарат ішіндегі дәретхана ұдайы жабық болғандықтан, 7-сынып оқушысы сырттағы дәретханаға амалсыз шыққан»,-дейді қала тұрғыны Елмира Асылова.

Бұл мектепте жалпы саны 20 камера жұмыс істеп тұрғанымен, оларды бақылап отыруы тиісті вахтер де, инспектор да оқиға болған сәтте жұмыс орнында болмаған. Енді өз ісіне немқұрайлы қарағаны үшін мектеп басшылары мен жауапты қызметкерлер жұмыстан шығарылып жатыр.

«Жұмыс істеп тұрған камераларға ешкім назар аудармаған. Мектеп директорының орынбасары мен пән мұғалімі және вахтер қызметінен кетті. Оқу орны инспекторы да жұмыстан шеттетілді. Мектеп директоры да жазаланатын болады. Осындай шешімді қабылдауға олардың өз ісіне немқұрайды қарауы себеп»,-дейді облыстық білім басқармасының басшысы Рахия Тұрмағанбетова.

Қазір қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде. 38 жастағы күдікті бұған дейін ұрлық жасап істі болған. Ол қамауға алынған. Айта кетейік, мектеп инспекторының да салғырттығы үшін басшысына дейін жауапқа тартылады.