Telegram арқылы есірткі сатып келген қарағандылық мұғалімге сот үкімі шықты

13 қаңтар, 10:00

Қарағандыдағы мамандандырылған мектеп-интернатының 23 жастағы дефектолог-мұғалімі есірткінің синтетикалық түрін заңсыз сақтау және сату бойынша кінәлі деп танылды.

Қарағанды облыстық қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотының мәліметінше, оқытушы 11 жылға бас бостандығынан айырылды. Сотталушыға жаза іс-әрекеттің сипаты мен қоғамдық қаупінің жоғары деңгейін, тағайындалған жазаның қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін сотталған адамның түзелуіне, оның жеке басына әсерін ескере отырып, баптық санкцияға сәйкес қылмыстық жазасы жеңілдетілген. Сотталушының жұмыс істеген оқу орнында есірткі заттарын өткізумен айналыспағаны белгілі болды.

Еске салсақ, өткен жылдың қазан айында қарағандылық мұғалімге есірткі сату бабы бойынша айып тағылғаны белгілі болды. Іс материалдарына сәйкес ол есірткіні Telegram желісі арқылы сатқан көрінеді. Тінту жұмыстары кезінде мұғалімнің пәтерінен есірткінің көп мөлшері табылған.