Тергеу департаменті қаржы пирамидасының екі құрылтайшысы қайда екенін айтты

26 ақпан, 15:30

Ішкі істер министрлігініңтергеу департаментінің басшысы Санжар Әділов күллі елді дүрліктірген қаржы пирамидасының екі құрылтайшысы Ресей мен Қырғызстанға қашып кеткені туралы деректің тіркелгенін айтты. Бұл туралы ол Парламент Мәжілісінде тілшілер сауалына жауап беру кезінде мәлімдеді.

"Біз шұғыл ақпарат алдық. Арнайы жедел-тергеу тобы құрылып, олардың орналасқан жерін анықтау үшін қызметтік іссапарға жіберілді. Қазіргі уақытта екі құрылтайшының Ресей мен Қырғызстанда жүр деген мәлімет бар. 12 күдіктіге халықаралық іздеуге жарияланды. Олардың біразы азаматтардың шағымы түскенге дейін Қазақстан аумағынан тыс жерде жасырынып үлгерген. Қазіргі уақытта 15 күдікті қамауға алынды. Қаржы мониторингі Комитетімен, Бас прокуратурамен бірлесіп, ұрланған ақшаны, ұрланған мүлікті табу үшін барлық шараларды қабылдаймыз. Қазір тінту барысында 40 миллион теңге тәркіленді деп айта аламын", - деді ол.