​Қостанайлық тергеуші қашып бара жатқан ұрыны қуып жетті

16 қаңтар, 16:30

Қалалық Полиция департаментінің қызметкері, полиция аға лейтенанты Мейрам Ажабаев ұрыны түскі үзіліс уақытында ұстады, деп хабарлайды Elitar.kz.

Түскі ас ішуге үйіне барып, кейінірек жұмысқа жету үшін аялдамаға беттеп бара жатқан полиция қызметкері тұрғын үйлердің бірінен айқайға басқан әйел азаматының дауысын естиді. Дереу сонда қарай беттеген шенді қызметкер алды-артына қарамастан қаша жөнелген ер адамды көріп қалады. Осы сәтте полицей еш ойланбастан ер кісінің соңына түседі. Өзін әлдекімнің қуып келе жатқанын байқаған ұры қолды еткен заттарды тастай сала қаша жөнеледі. Бірақ тергеушіден құтыла алмады. Көп ұзамай полицей ер азаматты ұстады. Белгілі болғаны 33 жастағы ер кісі тұрғын үйлердің біріне ұрлыққа түскен екен. Қазіргі таңда үй тонау бойынша күдікті ұсталды. Оның бұған дейін де бірнеше рет ұрлық жасап, тіпті сотты болғаны да анықталды.