Түркістан облысындағы жылу беру мекемесі миллиондаған шығынға батып отыр

01 қараша, 14:28

Жағдай өзгермесе, жылу беру мекемесінің жұмысы кез келген уақытта тоқтап қалуы мүмкін.

Кентаудағы жылу мекемесінің жылыту маусымындағы шығыны қазірдің өзінде 300 млн теңгені құрап отыр және шығын көлемі мұнымен тоқтамауы мүмкін дейді Кентау ТЭЦ директорының өткізу және жалпы мәселелер бойынша орынбасары Серік Әлібеков. Оның айтуынша, монополияға қарсы комитеттің шешімімен жылудың тарифі төмендетілген соң шығын көлемі артуда.

«Былтыр біздің тариф 1 шаршы метр шін 136 теңге 41 тиын еді, бірақ, монополияға қарсы комитет біз әкімдіктен көмек алатын дотациялы мекеме болған соң жиналған төлемақының бір бөлігін тұтынушыларға қайтарып беруді міндеттеп қана қоймай, біздің тарифті бір шаршы метрге 103 теңге 88 тиынға дейін төмендетті. Өкінішке қарай, біз электр энергиясын қымбатқа сатып аламыз, ал өндірген энергияны 3 есе арзан сатамыз. Мысалы, 28 теңгеден сатып алсақ, 7 теңге 55 тиыннан сатамыз. Бұл фактіні монополияға қарсы комитет ескерген жоқ. Тек былтырғы жылыту маусымының өзінде біздің шығынымыз 300 млн теңгені құрады. Менің ойымша биыл тағы 150 млн теңге шығын қосылуы мүмкін», - дейді Серік Әлібеков.

Дегенмен, мұндай шығындарға қарамастан Кентаудағы барлық үйлер мен нысандарға жылу барып тұр. Энергетиктер мәселесі көп 17 көпқабатты үйлердегі апаттың салдарын жоюда.

Сонымен, қаладағы жылу энергиясын шығаратын жалғыз орынның жұмысы тоқтап қалса, кентаулықтар орталықтандырылған жылу жүйесінсіз қалуы мүмкін бе? Қалада ондай жағдай болды да. Еске сала кетсек, 1997 жылы Кентауда қала тұрғындарын шағын қазандықтардың көмегімен жылыту бойынша республикалық пилотты жоба іске асырылған болатын. 163 шағын қазандық орнатылып, оларға қаладағы барлық көпқабатты үйлер қосылған-ды. Дегенмен, тұрғындардың жыл сайын қымбаттап бара жатқан мазутты сатып алуға қаржысы болмай, қазандықтар тоқтап қалды.

2001 жылы республикалық бюджеттен қазандық отынын сатып алуға дотация бөлінген соң ғана жағдай түзелді. Ал одан кейін жаңартылған қаладағы ТЭЦ-5, қазір анық болғандай, облыс және қала бюджетінен қаржы бөлінгеніне қарамастан шығынға ұшырауда.