Өткен жылы еңбек қауіпсіздігін бұзған жұмыс берушілерге 25,6 млн теңге айыппұл салынды

20 қаңтар, 16:00

2019 жылы мемлекеттік еңбек инспекторлары 9 536 тексеру жүргізіп, 2 366 бұзушылық анықтаған. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ресми сайтындағы мәлімет бойынша жұмыс берушілерге еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы бұзушылықтарды жою туралы 480 ұйғарым беріліп, 25,6 млн теңгеге 203 әкімшілік айыппұл салынды.

Заңды және жеке тұлғалардың еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау мәселелері бойынша 879 өтініші қаралып, өндірістегі жазатайым оқиғаларға 1 276 арнайы тексеру жүргізілді.

Мемлекеттік еңбек инспекторларының өтініші бойынша жұмыс берушілер қауіпсіздік пен еңбекті қорғау ережелерін бұзғаны үшін кінәлі 610 лауазымды адамды жұмыстан босатты. Қызметкерлердің өмірі мен денсаулығына нақты қауіп төнуіне байланысты 13 жабдық, 2 өндірістік объектінің және 7 ұйымның қызметіне тыйым салынды.

1 242 іс құқық қорғау органдарына берілді, олар бойынша 207 қылмыстық іс қозғалды.