Тікұшақ апатынан губернатор мен оның сенатор жұбайы қаза тапты

25 желтоқсан, 15:36

Әуе апаты салдарынан 5 адам мерт болды.

Мексиканың орталық аймағында тікұшақ апатқа ұшырап, Пуэбла штатының губернаторы Марта Эрика Алонсо мен оның жұбайы, сенатор мерт болды. Бұл туралы Reuters жазады.

«Штаттың астанасы Пуэбла қаласына жақын жерде тікұшақ құлап, жоғары дәрежелі қызметтегі оппозиция қайраткері, орталық Пуэбла штатының жаңа губернаторы мен оның жұбайы, сенатор және осы штаттың бұрынғы губернаторы Рафаэл Морено қаза тапты» делінген хабарламада.

Ел президенті Андрес Мануэль Лопес Обрадор қайғылы жағдайға байланысты көңіл айтып, үкімет бұл оқиғаны тексеретінін мәлімдеді.

Кейінірек белгілі болғандай, алдын ала болжам бойынша тікұшақ техникалық ақауға байланысты құлаған, деп жазады El Universal.

Мексиканың қауіпсіздік министрі Альфонсо Дурасоның хабарлауынша, губернатор ұшуға барлық рұқсат құжаттары мен лицензиялары бар Servicios Aereos del Altiplano компаниясынан жалға алған Agusta A109 тікұшағымен ұшқан.

Дурасоның айтуынша, губернатор және оның жұбайымен бірге бортта екі пилот пен тағы бір белгісіз жолаушы болған. Министр әуе апатынан ешкімнің аман қалмағанын өкінішпен жеткізді.