Президент сайлауында үмтікер болған Әміржан Қосановтың денсаулығы сыр беріп, ем қабылдауға мәжбүр болды. Бұл туралы Әміржан Қосановтың өзі Facebook желісіндегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Elitar.kz.
Қосанов өз жазбасын сайлауда қолдаған қазақстандықтарға алғысын айтудан бастады.
"Мені қолдаған барша сайлаушыға шын жүректен алғысымды айтамын! Осы күндері шаршамай-шалдықпай, бір тиын қаржылай көмексіз азаматтық парызын адал атқарған штаб өкілдері мен барлық волонтерлерге – насихатшылар мен бақылаушыларға алғысым шексіз! Мен сіздерге өмір бойына қарыздар болып өтемін!
Мен емес, дәл сіздер қоғамды ояттыңыздар!
Осы сайлаудың жаңаша бір ерекшелігі бақылаушылар болды деп санаймын! Сіздердің бақылауларынсыз қорытынды басқаша болар еді!" деп жазды Әміржан Қосанов.
Оның ойынша сайлау ойдағыдай өткен. Өз бағдарламасын қалың көпшілікке жеткізуге тырысқан. Бұған дейін небір сорақы сайлауларды, соның ішінде белсенділер өлтірілген, үгіт-насихат қағаздары көліктерге тиеліп өртелген, қоқан-лоққы көрсетілген жайттарды көзбен көрген.
"Мені қолдап сайлаушылардың 16 проценті дауыс берді, ол - бір жарым миллион қазақстандық деген сөз. Қазақстан оппозициясының бір де бір өкілі (тұтас партиялар мен қозғалыстарды қосқанда!) осыған дейін болған президенттік және парламенттік сайлауда дәл осындай көрсеткішке қол жеткізе алмады.
Бұл біздің баршамыздың ортақ жетістігіміз!
Маған қатысты айтылған сыни пікірлерді де мен ескеремін, ол шынайы демократия, сөз бен пікір бостандығының бұлжымас шарты. Осы күндері қалыптасқан ахуалды бағалап, таяу арада болашақ қимыл-әрекеттеріміздің нобайын әріптестермен бірге талқылап, анықтаймыз.
Артында мықты партия жоқ тәуелсіз кандидаттың қоғам қолдауына ие болуы осы сайлау науқанның өзіндің бір ерекшелігі болды деп санаймын",-деді ол.
Сонымен қатар Әміржан Қосанов экзит-пул қорытындысынан соң пікір білдіремін деп көптің сынына қалғанын да атап өтті.
"Осы күндері менің экзит-пулдан кейін берген менің комментарийіме қатысты біраз сын айтылып жатыр.
Бірақ осы орайда бір жайтты ашық айтайын.
Сайлау қарсаңында және оның барысында біз, қатарымызда бар саясаткерлер, саясаттанушылар, ауыл-аймақтағы белсенділер болып, жабық зерттеулер жүргізбенбіз. Сонда мені танушы, қолдаушылардың саны 30-40 пайыздан аспады. Қоғам біркелкі емес екені анық, аймақтарда да, сайлаушылардың жас мөлшеріне қатысты топтарда да менің рейтингім ала-құла еді: бір жерде қолдау баршылық, ал бір жерлерде танымалдық тіпті аз болып жатты...
Сайлау алдында билік өз зерттеулерінде маған 5 және 7,9 пайыз беретіндей сыңай танытқанын өздеріңіз білесіздер. Ондай болжауларды біз сынадық, қабылдамадық.
Сондықтан да дауыс беру барысындағы экзит-пул кезінде 15,9 пайыз жарияланғанын өз басым дәл сол кезде одан да төмен цифрлармен салыстырғанда оң нәтиже деп санап, сондай комментарий бергенім рас. Оның үстіне әдетте экзит-пул мен ресми нәтиженің арасы алшақ болмайды емес пе?
Мен осы күнге дейін жария етіп келе жатқан ешбір бағдарламалық мәлімдемелерім мен принциптерімнен бас тартпаймын! Демократиялық құндылықтарды қорғау мен қоғам мен билік арасындағы диалогты орнату жолында қызметімді жалғастыра беремін!..
Сайлау барысында күні-түні ұйқысыз жүрдім. Шаршағаным бар. Жүрек пен жүйкеге біраз салмақ түссек керек. Кеше ауруханаға түсіп қалдым. Сол жақтан жазып отырмын" деп сөзін түйіндеді Әміржан Қосанов.