24 ақпан, 09:40
Демалыс күндері Түркістан қаласының әкімі шаһардағы құрылыс барысын бақылау мақсатында бірқатар нысандарды аралады. Рашид Аюпов Керуен Сарай кешені салынатын аумақты аралып, жұмыс кестесіне сәйкестігін тексерді. Бүгінгі таңда онда 51 техника мен 287 адам жұмылдырылған.

Түркістан әкімі бұған дейін жауапты мамандармен бірге Б. Саттарханов даңғылы бойындағы кәсіпкерлік нысандарды аралап, құрылыс жұмыстары барысында нысан алдын автокөліктер үшін заңсыз тұрақ ретінде пайдаланылмауы керек екенін айтқан болатын. Кәсіпкерлік ғимараттардың артынан автотұрақ ашылуы жоспарланған.

Әкімдіктің баспасөз қызметінің мәліметінше, қала басшысы "Бірлік" елдімекеніндегі газ құбырларын орналастыру жұмыстарымен де танысты.
Жер ерекшелігіне сай 113 км-лік газ құбырларының 88 км-і жердің астында, қалғаны жердің үстінгі бөлігінде орналастырылады.
Күніне 800 метрге дейін газ құбырлары қойылып, жұмысты толықтай мамыр айында аяқтау жоспарланған.

Бұл аумақтағы газ құбырын жүргізу жұмыстарына 58 адам тартылған. Оның басым бөлігі жергілікті тұрғындар.
Қазылған жерлердің орнын жауып, ретімен тас төсеу қажеттілігі де айтылды.
Шаһар басшысы Рашид Аюпов апта сайын жұмыстар легін осылайша қадағалап отыратынын да еске салды.