Түркістан облысындағы мектептердің 83 пайызындағы дәретханалар санитарлық талапқа сай емес болып шықты.
Түркістан облысы прокурорының бірінші орынбасары Артықбек Пашаевтың мәліметінше, өңірдегі 750 білім ошағындағы әжетханалар санитарлық талапқа сай емес. Бұл туралы ол Түркістан қаласында өткен жасөспірімдер арасында құқықбұзушылық пен суицидтің алдын алуға арналған форумда айтты.
"Алдыңғы жылдары кәмелетке толмағандардың арасындағы құқық бұзушылық пен суицид деректерінің артуына байланысты жергілікті атқарушы және уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп, жұмыстар жүргізілді. Атқарылған жұмыстардың нәтижесі осы саладағы көрсеткіштердің дұрысталуына әсер етті. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, 2019 жылы кәмелетке толмағандармен жасалған құқық бұзушылық 4,4 %, оларға қарсы жасалған қылмыс 7,7 %, оның ішінде жыныстық тиіспеушіліке қарсы қылмыс 20,4 % төмендеді. Ал кәмелетке толмағандармен өз-өзіне қол жұмсау дерегі 23,5 %-ға төмендеді",-деді ол.
Облыста кәмелет жасына толмағандар арасындағы құқық бұзушылық саны төмендегенімен, кейбір аудан-қалаларда бұл қылмыс едәуір артқан. Мәселен, жасөспірімдер жасаған құқық бұзушылық Түркістанда - 66%, Кентауда - 74%, Бәйдібекте 60%-ға артқан. Ал кәмелет жасына жетпегендерге қарсы жасалған қылмыс саны Арыста - 80%, Түлкібаста - 71%, Отырарда 66%-ға көбейген. Жасөспірімдер арасындағы суицид бойынша 200 %-бен Бәйдібек ауданы көш бастаған.
Түркістан облысында 905 білім ошағы бар. Бүгінде соның 98 пайызында бақылау камералары орнатылған. Ал мектептердегі дәретханаларға тоқталсақ, 750-ден астам білім ұясындағы әжет өтейтін орын санитарлық талапқа сай емес болып шыққан.