Арыс қаласында Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының ұйымдастыруымен бұқаралық және ұлттық спорт түрлерін дамыту, тұрғындар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында «ALTYN KÚZ – 2019» облыстық спорттық сайысы өтті. Шараға Түркістан облысы мен аудан және қалалардың ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп жүрген 400-ге жуық мемлекеттік қызметкер қатысты.
Облыстық әкімдіктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, 21 команда кіші футбол, арқан тартыс және волейбол сынды командалық ойындардан сынға түсті.
Тартысты додада волейболдан І-орынды облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы, ІІ-орынды Созақ ауданы, ІІІ-орынды Арыс қаласының қатысушылары иеленді. Арқан тартыстан І-орынды Арыс қаласы, ІІ-орынды Созақ ауданы, ІІІ-орынды Мақтарал ауданы жеңіп алды. Ал кіші футболдан І-орынды Жетісай ауданы, ІІ-орынды облыстық ветеринариялық лабороториясы, ІІІ-орынды Сайрам ауданы ие болды.
Жеңімпаз және жүлдегер командалар Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының дипломдарымен және кубоктармен марапатталды.