​Түркістан облысында басына оқ атылған шенеуніктің қорғаушысы тың дерекпен бөлісті

04 ақпан, 16:50

Соттың алғашқы отырысында шабуыл тапсырыспен жасалғаны және оның құны 1 млн теңгені құрағаны жөнінде ақпарат айтылды. Күдікке ілінген ер кісінің анасына жәбірленуші қомақты ақша қарыз екен. Кек алу мақсатында ұлы осындай қадамға барыпты. Алайда шенеуніктің қорғаушылары бұл мәлімдемемен келіспейді, деп хабарлайды Elitar.kz тілшісі.

Айтуларынша, айыпталушы тарап қорғану үшін осындай мәлімдеме жасап отыр. Себебі қарыз алынғанын дәлелдейтін ешбір құжат және бейне, аудио жазбалар да жоқ. Аудан әкімінің орынбасары Рабиға Бейсебаеваның жолдасы келіншегінің ешкімнен қарыз алмағанын, егер алған болса отағасы ретінде хабардар болуы керектігін айтты.

Жәбірленушінің қорғаушысы Гүлжан Әбдіхалықова тапсырыс берушінің кек алуына басқа жайт себеп болуы мүмкін деп отыр.

2014 жылы Төлеби ауданындағы балабақшалардың бірінде балалар жаппай уланады. Шұғыл комиссия құрылып, жан-жақты тексерулер қолға алынады. Адвокаттың айтуынша, сол кезде бұл балабақшаға азық-түлік жеткізумен күдікке ілінген әрі тапсырыс беруші ер кісінің әпкесі айналысқан. Осы жағдайдан соң мектепке дейінгі мекемеде өзге де кемшіліктер орын алып, ақыры соңында жабылып тынған. Ал бұл тексеру жұмыстарын жүргізген комиссияға дәл қазір жәбірленуші болып отырған Рабиға Бейсебаева басшылық етіпті. Қорғаушының сөзінше осыдан соң жеке бас араздығына қатысты кек тууы мүмкін.

Айыпталушы тараптың қорғаушылары болса, басты күдіктінің шабуыл жасау туралы тапсырыс бергенін және ол үшін қомақты қаржы беру туралы келіскенін мойындап отырғанынын айтты. Бірақ ол мұндай қадамға шарасыздан барыпты. Үш жылдан бері қарызын қайтара алмай келген ер кісі құзырлы органға шағым түсірейін десе, қолында тіл хат болмаған. Өйткені Бейсебаевамен бұған дейін оның анасы жақсы араласқан, сондықтан анасы қарызға ақша берерде тіл хат жаздырып алмаған. Сондықтан бұл мәселені өздігінше шешуді жөн көріп, адамдар жалдаған. Бірақ шенеунікті өлтіру емес, тек қорқыту қажеттігін тапсырыпты.

Жәбірленуші тарап істің әділ қаралып, жауаптылар тиісті жазаларын алса болды дейді. Бұл бойынша Рабиға Бейсебаеваның күйеуі ҚР Жоғарғы сотына, ҚР Бас прокурорға хат жолдап та қойғанын жеткізді. Ал қазіргі таңда Президенттен араша сұрап, өтініш жолдамақ ниетте.

Айыпталушы тараптың қорғаушысы Бекембай Әшіров бұл іске Жоғарғы соттың да, Бас прокурордың да, тіпті Президенттің де араласуға құқығы жоқ екенін алға тартты. Себебі соңғы нүктені сот қояды дейді ол.

Жәбірленушінің тағы бір адвокаты Жарқынбек Ибадуллаев қылмыстық іс о баста «Адам өлтіруге оқталу» бабы бойынша қозғалып, бірақ қазіргі таңда ол баптың алынып тасталғанын мәлім етті. Қазіргі таңда күдіктілерге «Бұзақылық» және «Қару-жарақты заңсыз тасымалдау, тасу, сақтау» баптары бойынша айып тағылып отыр. Айта кетерлігі, бұл іс бойынша тапсырыс берушіден бөлек тағы үш адам күдікке ілінді.

Көрнекі ФОТО