Түлкібас ауданындағы мектеп-интернаттың тәрбиеленушісі өткен жылдың қазан айында жоғалып кеткен. Бұл туралы аудандық полиция басқармасының кезекші бөліміне мектеп-интернаттың меңгерушісі шағым түсірген. 14 жастағы қыз бала кешкі уақытта интернаттан қашып кетіп, қайтып оралмаған. Іздеу шараларына дереу кіріскен полицейлер қызды бес айдан соң Шымкент қаласынан тапты. Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, бұл уақыт аралығында мектеп-интернаттың тәрбиеленушісі Шымкент қаласында жұмыс істеген. Қазіргі таңда қыз өз үйіне оралды. Қазіргі таңда оқиғаның мән-жайы анықталуда.