15 қаңтар, 21:45
Сарыағаш ауданы, Дербісек ауылының тұрғыны Дәурен Шонабаевтың жайылымдағы 27 бас жылқысын қаңтардың 6-сынан 7-іне қараған түні белгісіз біреулер қолды еткен. Бар тапқан таянғанын мал шаруашылығына арнаған еңбек адамы үшін бұл оңай тимейтіндігі анық. Дегенмен жоқ іздеген жанның құқық қорғаушылардың суық қолды мал ұрлықшыларына құрығы жететіндігіне сенімінен гөрі күмәні басым. Себебі, осыдан он жыл бұрын да жайылымынан 16 бас жылқысын белгісіз біреулер ұрлап әкетіп, ізін суытып кеткен болатын. Ол кезде құқық қорғаушылардан қайран болмаған. Жоғалған мал да ұшты-күйлі табылмаған.
"Мал ұрланған күні ауа райы тұманды болды. Осы да сеп болуы мүмкін, жылқының басындағы жігіттер ештеңе байқамаған"-дейді Дәурен Шонбаевтың өзі.
Ауылдағылардың айтуынша, "Дербісек" ауылында мал ұрлығы жиі орын алады. Бірақ жоқтың табылып, сүйіншілеген ешкім жоқ. Қайта бөтеннің малын ұрлап, оңай олжаға кенелуді көздегендердің асығы алшысынан түсіп тұр ма дерсің?!
Бірнеше емес, бақандай 27 бас жылқысынан бір түнде жоғалтқан Дәурен Шонбаевтың арызына орай Түркістан облыстық ІІД баспасөз қызметі былай деп жауап қайырды.
"12.01.2019 жылы Сарыағаш АПБ-не жергілікті тұрғын арызданған. Ол арызында белгісіз тұлғалар Сарыағаш ауданына қарасты мал жайылымның шығыс беткейінде жайылып жүрген 27 бас жылқысын белгісіз тұлғалар жасырын ұрлап, аса ірі мөлшерде материалдық шығын келтіргенін көрсеткен. Аталған жайт бойынша Сарыағаш АПБ-де ҚР ҚК-нің 188-бабы 4-бөлігімен сотқа дейінгі бірыңғай тізіліміне тіркелді. Қылмысты ашу мақсатында Сарыағаш АПБ бастығының бұйрығымен жедел тергеу тобы құрылып, қылмысқа қатысы бар күдіктілерді анықтау жұмыстары жүргізілуде. Сарыағаш АПБ-нің қызметкерлерімен мал ұрлығын ашу үшін барлық жедел іздестіру іс-шаралары жасалуда" деп мәлімдеді Түркістан облыстық ІІД баспасөз қызметі.
Автор:
Жанна Шоман