Түркістан қаласында«Jas Túrkіstan – 2019» республикалық балалар шығармашылық марафонының алғашқы күні өтті.Оған еліміздегі жетекші балалар мен жасөспірімдер басылымдарының бас редакторлары, балалар ақындары, жазушылары мен драмматургтері, анимация және аударма саласының өкілдері, журналистер, телеарна, сайт жетекшілері, білім саласының өкілдері және оқушылар қатысты.«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткен жиынның ашылу салтанатында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Мәлік Отарбаев сөз сөйлеп, балаларды рухани бай етіп өсіру маңызды іс екенін айтты, деп хабарлайды әкімдіктің ресми сайтына сілтеме жасай отырып Elitar.kz.
«Біз балаларды жан-жақты дамыту,құқығын қорғау, ізгілікке, шығармашылыққа бейімдеу бағытындағы жұмыстарды күшейтуіміз керек. Бұл ретте бұқаралық ақпарат құралдарының, балалар әдебиетінің, анимация саласының маңызы жоғары. Әлеуметтік желілерде, сайттарда бала дүниетанымына оң әсер ететін дүниелерді көбейту мәселесі де өзекті. Жасөспірімдерді қатыгездікке шақыратын, ой-өрісін, жан-дүниесін бұзатын керітартпа ақпарат көздерін шектеуіміз қажет. Бұған қарсы тұру үшін бүгінгі жиынға қатысып отырған шығармашылық өкілдері мен жергілікті билік күш біріктіргені жөн. «Jas Túrkіstan – 2019» балалар шығармашылық марафонын өткізудегі мақсатымыз да – осы», – деді Мәлік Нұржанұлы.
Түркістан облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен өткен жиында балалар әдебиеті, аудармасы, журналистикасы, анимация саласы, әлеуметтік желілердегі балалар психологиясы және өзге де мәселелер талқыланып, баяндамалар жасалды. Балақайлар мен жеткіншектерге арналған сайттарды дамыту, оларды жат пиғылды ақпараттардан қорғау мәселелері қозғалып, секциялық отырыстар өткізілді.
Маңызды марафонның екінші күні Келес ауданының орталығы Абайда өтеді. Танымал қаламгерлер осындағы оқушылармен және ұстаздармен кездеседі. Осы іс-шара аясында қонақтар Түркістан қаласының киелі орындарын аралап, құрылыс жұмыстарымен танысып, Келес ауданына баспасөз-турын жасайды деп жоспарланған.