Түркістан облысында өз қызын зорлап, 38 рет пышақтап өлтірген әкеге үкім шықты

27 тамыз, 16:59

Түркістан облысының қылмыстық соты өзінің үш жасар қызын зорлап, артынша айуандықпен өлтірген әкесін өмір бойы бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды Elitar.kz.

Оқиға бір жыл бұрын Ордабасы ауданында орын алған. 47 жастағы азамат өзінің 3 жасар қызын әйелі қонаққа кеткенде зорлаған. Артынан қыздың 38 жеріне пышақ жарақатын салған. Ол бұл әрекетін мас халде іске асырған.

Ер адам қылмысын мойындамады. Кешенді психиатриялық сараптама арқылы ер адамның есі дұрыс екенін анықтады.

«Мені неге тексермейді? Менен ештеңе алған жоқ. Апелляцияға беремін. Мәйітті қайтып қаздырып алып, тексеруді өтінгем. Көңілім толмайтын көп тұстар бар»,-деді ол сот залында сөйлеген сөзінде.

Жаға ұстатарлық қылмыстық іс сотта бір жарым ай қаралған. Сотталушыға өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ол үкімге қарсы шағым беруге ниетті.

Айта кетейік, сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.