Түркістан облысында мектепті жылытпақ болған екі қызметкер уланып, біреуі қайтыс болды

10 қаңтар, 16:47

Оқиға Түркістан облысындағы білім ұяларының бірінде орын алған, деп хабалайды Elitar.kz тілшісі.

Мектепті сұйық отынмен жылытпақ болған екі жұмысшының бірі ауыр халде ауруханаға жеткізілген. Ал екіншісі оқиға орнында көз жұмды.

Түркістан облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, оқиға 8 қаңтар күні күндізгі сағат төрттер шамасында орын алған. Шардара ауданындағы жанармай бекетінің екі жұмысшысы мектептің жылу жүйесіне сұйық отын құю үшін келген. Екеуі де отынның иісіне уланып қалады. Аман қалған ер кісінің жағдайын дәрігерлер ауыр деп отыр.

"1993 жылы туған науқас мұнай өнімдерінен токсикологиялық уланудың ауыр түрі және бас миының токсикологиялық ісінуі диагнозымен келіп түсті. Аспирациялық ауру белгісі мен 2-дәрежелі экзотоксикалық есін білмеу байқалып отыр. Жағдайы өте ауыр, жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. Қазіргі таңда токсикологиялық дәрігерлерден кеңес алынып, қажетті емдік шаралар көрсетіліп жатыр» делінген облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметі берген мәліметте.