Браконьерлік және табиғат қорғау заңнамасын бұзу жайттарын анықтау мен жолын кесу бойынша жүргізілген рейдтік іс-шаралар барысында Созақ аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері жергілікті көлдің жағасында заңсыз балық аулаған Ордабасы ауданының екі тұрғынын ұстады. Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, тәртіп сақшылары күдіктілерден айғақты зат ретінде 130 келі балық, қайық, тор және басқа да балық аулау құралдарын тәркіледі. Аталған жайт ҚР ҚК 335-бабы "Балық ресурстарын, басқа да су жануарларын немесе өсімдіктерді заңсыз аулау" бойынша тіркелді. Қазіргі таңда аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Заңсыз ауланған 130 кг балық балабақшаға тапсырылды.