Жетісайда үш қызға қорлық көрсеткен өгей шешесі болмай шықты

19 сәуір, 09:00

Түркістан облысы, Жетісай ауданында қыздарды жәбірледі деп күдікке ілінген келіншектің ісіне қатысты жаңа деректер белгілі болды, деп хабарлайды Elitar.kz.

ҚР Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, құқық қорғау органдары жүргізген тексерудің нәтижесі бойынша қатыгез әйел қыздардың өгей анасы болмай шыққан. Яғни, әйел жұбайымен заңды некеге тұрмаған. Бұл оның қыздардың заңды өкілі болмағанынан хабар береді.

Істің осылай насырға шабуына байланысты бірқатар азаматтар жазаға тартылатын болады.

"Балаларға қатысты зорлық-зомбылықты уақытылы анықтау бойынша жеткіліксіз жұмыс жасағаны үшін аудан әкімінің орынбасары, аудандық білім бөлімінің жетекшісі, мектеп директоры, мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, мектеп психологтары, әлеуметтік педагог және 3 сынып жетекшісіне қатысты қатаң тәртіптік жаза қолданылды", - делінген хабарламада.

Ол әйелдің әкесі де өз шындығымен бөліскен болатын. Оның пікірінше қызы тұрмысқа шықпай тұрып 3 қыз әлдекімдерден таяқ жеп келген. Өйткені қызы алғаш рет оларды үйге алып келгенде денелерінде зорлық-зомбылық іздерін байқаған.

Естеріңізге салайық, Жетісай ауданында 3 бірдей қызға жүйелі түрде қорлық көрсетіп келген әйел ұсталған болатын. Осы жайтқа қатысты Қылмыстық кодекстің екі бабымен («ҚР ҚК 110-бабы «Азаптау» және 140-бабы «Кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу бойынша міндетін орындамау») іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.

Қатыгез әйел бүгінде үй қамаққа алынды. Аудандық сотта санкция беру мәселесін қараған судья күдікті әйелдің бір жарым жасар баласы бар екенін ескеріп, осындай шешім қабылдады.