Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаев 2018 жылдың 10 айында атқарған жұмыстары туралы брифингте осылай деп мәлімдеді. Бұл туралы Elitar.kz тілшісі хабарлайды.
"Бұл мәселені ашық айтып отырмыз. Бұны көтеріп, облыс әкімінен қолдау тауып, біртіндеп ретімен шешіліп келе жатыр. Мәселен, Сарыағаш ауданында емхана жетіспейді. Қазір 500 адамға арналған емханаға жобалау-сметалық құжаттары дайындалып жатыр. Одан бөлек, Сарыағаш аудандық периниталдық орталығы салынады. Республикалық бюджет есебінен Түркістан қаласында 150 орындық периниталдық орталық құрылысы бір ай көлемінде басталып, келері жылы аяқталады. Перзентханада орын тапшылығы байқалған соң қолға алынған іс бұл. Созақ, Кентау, Отырардан келетін жүкті әйелдердің барлығы осында жататын болады",-деді Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы.
Бұдан бөлек шенеунік Түркістан облысында ҚР денсаулық сақтауды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асыру жағдайы туралы да айтты. Мәселен, жыл басынан бері өңірде жалпы өлім-жітім өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2,6 пайызға, ана мен бала өлімі 4,2 пайызға төмендеген.