Түркістан облысындағы бай-бағландар 163 отбасыға көмір түсіріп берді

21 қараша, 16:55

Кәсіпкерлер өз жерлестерінің жағдайына алаңдап осындай қадамға барыпты, деп хабарлайды Elitar.kz.

Қатты отын алуға материалдық жағдайы жетпей отырған аз қамтылған отбасыларға кәсіпкерлер қол ұшын беріп, үлкен азаматтық танытты. Бұл қайырымдылық шарасы Түркістан облысы, Отырар ауданында орын алды.

Аудандық әкімдіктің ұйытқы болуымен қолға алынған игі бастамаға «Саутс Ойл», «Азия Агро Групп», «Омар ата», «Ақжол» ЖШС-мен қатар, ауылдан шыққан бір топ жеке кәсіпкерлер де ат салысқан. Нәтижесінде 163 отбасыға 250 тонна көлемінде қыстық отын таратылып берілді. Айтпақшы, отынға мұқтаж отбасылар оны үйлеріне жеткізу туралы ойлап бас қатырған жоқ. "Қайыр қылсаң, бүтін қыл" демекші, кәсіпкерлер көмірдің межелі жерге жетуін де өздері ұйымдастырған.