Турист санын еселеп арттыру 2025 жылға қарай жоспарланып отыр. Бұл туралы Түркістан облыстық туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Олжас Шынтаев облыс әкімінің алдында берген есебінде мәлім етті.
«Туристік әлеуетті ішкі туризмді маркетингтік ілгерілету мақсатында 2018 жылы бірқатар іс-шаралар өткізілді. Қызмет көрсету сапасын жетілдіру мақсатында ЮНЕСКО өкілдерін, Түркия мемлекетінің экспертін, «Tour Lab» туристік зертханасы мамандарын тарта отырып туристік бизнес, мұражай қызметкерлері, гид-экскурсоводтарға арналған семинар-тренинг өткізілді. Елбасының 29 қыркүйекте Түркістан қаласына ресми сапары барысында Түркістан қаласында мәдени-тарихи туризмді, Төлебиде (Қасқасу) тау-шаңғы туризмін, Сарыағашта емдеу-сауықтыру туризмін дамыту тапсырылған. Жалпы жоспар бойынша 2025 жылға қарай Түркістанға 5 млн турист келеді», – деді басқарма басшысы.
Облыс әкімі есеп берген шенеунікке өңір имиджін көтеріп, шетелдік қонақтарды қызықтыру мақсатында сапалы жарнамалық роликтер мен фильмдер дайындау керектігін айтты. Тіпті кітап шығару қажеттігін де жеткізді.
Фото: ТО әкімдігінің баспасөз қызметі