05 қыркүйек, 09:00
Бұл туралы Президент Жолдауын іске асыруға арналған Түркістан облысы активінің жиынында белгілі болды, деп хабарлайды облыстық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып Elitar.kz.
Жиында облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Жолдауда айқындалған бағыттарға тоқталып, нақты тапсырмалар берді.
«Көптеген арыз-шағымдарды оңтайлы шешуде «Азаматтар өтініштерін бақылау» бөлімін құруды тапсырамын. Аталған бөлім барлық деңгейдегі арыз-шағымдардың мерзімінде жауап берілуіне бақылау жасайды. Халықпен байланысты нығайтуда қоғамдық бақылау және партия белсенділері мен шенеуніктерді бағалау тетігін ұйымдастыра білуіміз керек", - деді Өмірзақ Шөкеев.
Сонымен қатар облыс әкімі жиында «Елбасы тапсырмасына сәйкес «Ауыл ел - бесігі» жобасы облыста қарқынды жүзеге асып жатқанына тоқталды.
"Биыл Түркістан облысында 7 елдімекеннің мәселесін шешуге 4 млрд. теңге жұмсалды. Нәтижесінде 112,8 шақырым жол төселіп, 7 білім, 1 спорт және 5 мәдениет нысандары жөндеуден өтетін болады. Жоба аясында 2020 жылға 15 елді мекенде 114 жобаны іске асыруға 4,8 млрд.теңге бағыттау жоспарлануда", - деді Түркістан облысының әкімі.
Одан өзге аймақ басшысы облыстағы кезек күттірмейтін тағы бір мәселе – атаулы әлеуметтік көмек екенін атап өтті. Аталған бағдарламаны цифрландырып, атаулы көмек алушылар базасын жасақтауды тапсырды.
Облыс әкімі қала, аудан әкімдері мен қалалық құрылымдардың басшыларына тұрғындар арасында кең ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізуді жүктеп, өздеріне жүктелген міндеттерді уақытылы әрі сапалы орындауға тапсырма берді.