Біз бұған дейін Түркістан қаласының түнгі көрінісі туралы бейнематериал жасаған болатынбыз. Рухани астана болып табылатын көне шаһардың күндізгі кейпі қандай? Уәде еткеніміздей бүгінгі сюжетіміз күндізгі Түркістан туралы болмақ...
Облыс орталығы атанғанына әлі бір жыл да бола қоймаған қалада түрлі нысанның құрылыс жұмыстары қызу жүріп жатыр. Тек құрылыс емес, қаланы көріктендіру шаралары тиісті деңгейде атқарылуда. Шаһарға кірген бойда түрлі-түсті голландық қызғалдақтардан көз сүрінеді. Көшелер мен сабяқтарды көмкерген гүлдің бұл түрі көпті қуанышқа бөлеп жүр...
Қызғалдақ демекші, қалада гүлдің бұл түрінің отырғызылуын тұрғындар жылы қабылдап жатыр. Тіпті шаһарымызда бұрын-соңды қызғалдақ болмаған деген олар биыл оң өзгерістер орын алып отыр дейді...
Бүгінгі таңда Түркістанда 500 мың түп қызғалдақ жайқалып тұр. Шаһарға көрік келтіру жұмыстары мұнымен тоқтап қалмақ емес.
Қаланың гүлге орануы коммуналды сала қызметкерлерін де таңдай қақтырып отыр. Түрлі-түсті гүлдерді күтіп-баптаудан ерекше ләззат аламыз деген олар егілген гүлдерді тәулігіне бір мезгіл суғарып, үнемі бақылауға алып келеді.
Айта кетейік, сәуір-мамыр айларында Түркістанда 300 мыңға жуық декоративті гүлдер отырғызылмақ. Яғни, шаһардың шырайы тағы да кіріп, әрленер күн алыс емес. Ал қызғалдақ тұқымдары қазылып алынып, келер маусымға сақталады.