Түркістанда қалалық тамақ фестивалі өтіп жатыр. Онда шаһардағы 12 кафе мен мейрамхана, 7 кондитерлік өнімдер шығаратын цехтар түрлі тағамдарын келушілерге ұсынды. Қатысушылардың бірі ұзындығы бес метрлік кәуап әзірлеп, көпшілікті таң қалдырды. Кәсіпкер қатысушының айтуынша, сиыр етінен әзірленген кәуаптың екі түрі: еттартқыштан өткен еттен (фарш) және кесектеліп туралған (кусковой) түрі пісірілген.
Қалалық тамақ фестивалі Түркістан облыстық турзим басқармасы мен қалалық кәсіпкерлік бөлімінің қолдауымен өтіп жатыр. Ұйымдастырушылардың айтуынша, шараның мақсаты киелі қалаға келген туристерге түрлі тәтті тағамдар ұсынып, естен кетпес естеліктер қалдыру болып табылады.
Айта кетейік, комиссия шешімінен үздік деп танылған тағамды әзірлеген қатысушыға қала орталығынан бизнесті дөңгелетуге жер телімі берілмек.