Түркістандық кәсіпкерлер Германияға оқуға аттанбақ

21 тамыз, 09:30

Түркістанда шағын және орта бизнес өкілдерінің жоғары және орта буын жетекшілеріне арналған «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында «Іскерлік байланыс» жобасының бірінші легі басталды.

Жобаға қатысуға ниет білдірген Түркістан облысының 60-тан астам кәсіпкерлері бизнес-тренингтерден өтіп, басқарушылық сапасын, бизнес жобалау, тайм-менеджмент келіссөздер технологиясы, біліктілікті жақсарту, халықаралық ынтымақтастық бизнес-жоспарды әзірлеуге қажетті тиімді презентациялар, кәсіпорынның шетелдік және отандық бизнес-тренерлердің жетекшілігімен дамыту саласы бойынша дағдылар мен білім алады.

Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасы қаржылай емес қолдау бөлімінің басшысы Жанна Тілеубекованың айтуынша, жоба Түркістан қаласында алғаш іске асуда.

«Бүгін "Іскерлік байланыстар" қатысушылары оқуға кірісті. Мұнда тәжірибелі бизнес-жаттықтырушылардың басшылығымен кәсіпкерлікті, маркетингті жүргізудің, сондай-ақ бизнес-серіктестермен іскерлік байланыстар орнатудың қазіргі заманғы әдістері зерделенетін болады. Қатысушылар өз бизнесін барынша тиімді басқаруды, мақсаттарды дұрыс қоюды, осы мақсаттарға жету бойынша қадамдарды, жаңашылдықтарды үйренеді",-деді Жанна Тілеубекова.

Семинар аяқталғаннан кейін қатысушылар курстарды сәтті аяқтағаны туралы сертификат алып, Германияға бару үшін бағдарламаның екінші кезеңін конкурстық іріктеуге қатыса алады.

Оқыту бүкіл Қазақстан бойынша жүргізіледі. Бүкіл елден 500-дей қатысушы білім алуда, олардың арасында 50-і Германияға аттанады.