Төтенше жағдай жарияланған Қордайда мектеп пен балабақшалар жұмысын жалғастырады

10 ақпан, 09:20

Жамбыл облысы Қордай ауданында бүгіннен бастап мектеп, балабақшалар қайта жұмыс істей бастайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жергілікті мұғалімдер күнделікті жұмысқа шығып, оқушылар оқу бағдарламасын жалғастырады. Бүгін мектеп, балабақшалар жұмыс істей бастайды. Кеше білім ошақтары мен мектепке дейінгі білім беру мекемелері әзірленіп, балаларды қабылдауға дайын тұр. Қазір аудандық білім бөлімінің мамандары мектептерді аралап, жағдайды көріп, бағамдап қайтпақ. Сонымен қатар зардап шеккен тұрғындарға әлеуметтік-гуманитарлық көмек беру шаралары да басталды. Өткен түні Сортөбе ауылына алғашқы гуманитарлық көмек келіп жетті. 5 тонна ұн, 1,5 май, 2 тонна қант, 2 тонна күріш, балаларға жаялық, жылы киімдер, 10 мың дана дәрі-дәрмек Жамбыл ауданынан жіберілген. Бұл заттарды Жалпақтөбе ауылының тұрғындары жәрдем, демеу болсын деп ерікті түрде жинапты. Жеткізілген заттар штабқа түсірілді. Енді шетінен қажет болған жағдайда көмекке мұқтаж жандарға тарату шаралары ұйымдастырылады. Бүгін кешке дейін тұрғындар тарапынан қосымша тағы 10 тоннадай азық-түлік, тұрмысқа қажетті заттар жеткізіледі деп күтіліп отыр.